Ақсу қаласының

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған гимназиясы

Бір жылда84261
Бір айда12416
Бір аптада2069
Кеше220
Тәулік27
Виртуалды қабылдау
Қойылған сұрақтар: 24
Жаңа сұрақтар: 0
Сұрақты беру
Оқыту материалын тиімді меңгеру үшін қандай әдіс формасы саған ыңғайлы:
Дауыс беру
мұғаліммен жұмыс - 193
өздігінен білім алу - 112
сыныптастарыңмен топта жұмыс - 57
электрондық ресурстардан - 28
басқа формалар - 7
Дауыс бергендер саны: 397
Нәтижені көру
Сенім телефоны8 (71837) 2-44-04
150
11616
"Ана тілім - асылым". Ибраева Сая, 10-сынып оқушысы
17-10-2013 18:18

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған

тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды ұмыту

Б.Момышұлы.

    Қай ұлтта, қай елде болмасын ана тілі-қасиетті де құдіретті. Тіл - атадан балаға мирас болып қалатын өшпес мұра. Бізге мирас болған ана тіліміз-қазақ тілі. Мен үшін қазақ тілін құрметтеу - “мен қазақпын” деген азаматтың парызы деп білемін. Алайда қазір көптеген жастар  тілін шұбарлап, өзге тілге бұрмалайтыны өкінішті-ақ.

Туған елім-тірлігімнің айғағы,

     Тілім барды айтылар сыр ойдағы.

 Өссе тілім, мен де бірге өсемін

                                                  Өшсе тілім мен де бірге өшемін - деп ақын Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да, қастерлі, құдіретті. Ол -достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.

    Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.

                   Ана тілің – арың бұл,

                   Ұятың боп тұр бетте.

                   Өзге тілдің бәрін біл,

                  Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі.

    Тіл-қоғамның жемісі. Сонымен қатар, тіл-аса маңызды қатынас құралы. Ұлы Абай: “Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз” десе, қазақтың көсемі А.Байтұрсынов: “сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын” ерте ескерткен.Қазақтың көрнекті сөз зергері Ғ.Мүсірепов: “Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ,тілден терең теңіз жоқ” деген. Тіл мен халық-егіз. Қазақтың тіліндей көркем тілдің қадірін білмеу-ұят. Өз елің,өз жеріңде тұрып, тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілін “сылтау-себептермен” үйренбеу - елдігімізге сын. Ел дегенім-қазақ халқы. Ал оның тілін сыйламасам, не болғаным? “Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі” деп  Бауыржан Момышұлы айтып кеткен. Ана тілі - ең басты байлығымыз. Ана тілі-халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы өсіп-өніп төрлене беретін, мәңгі қаламайтын бәйтерегі, -деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін,жерін сүйген  әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болу керек. Тіл-халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі-оның бақыты мен тірегі. Әр нәрсенің түп-тамыры болатыны сияқты, ана тіліміздің де түп-тамыры бар. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов: “Өскелең ұрпақ тілімізбен бірге өркендейді” деген. Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, өнуі, дүниеде өзіндік орын алуы оның ана тіліне тікелей әсер етеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, “мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы” деген болатын.

    Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл – асыл ойдың бұлағы. Тіл –құдірет. Тіл  - тәуелсіздік тұғыры. Тіл құдіреті - ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін,  үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді. Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасын дарыған ана тілі ғана. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның  төл перзенті. Сол халықтың  мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. «Тәрбие басы  - тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне  қатысты. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын  аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Ел басының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар.Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр.Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қазақтар үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы. Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Шона Сымаханұлының бір шумақ өлеңінде осындай жағдайды сипаттайды:

Қазіргінің баласы,

Көп білем деп көкиді.

Әкесінің жазғанын

Аудармадан оқиды.

    Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз.  Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.

    «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай  ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін  жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп,  егеменді ел болып жатқан  сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны  ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.

    Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл  - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері  даусыз. Ақын  Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:

Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,

Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.

Құтылмайсың барлық тілді білсең де,

Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...

Ана тілінде ата-баба сыры бар,

Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.

Өсе келе құстың тілін білсең де,

                                                Ана тілсіз оның қандай құны бар, - деп өлең жолдарында   өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін баяндаған.

    «Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық. Анамыздың ақ сүтімен бойымызғы дарыған тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды ұмыту деген екен Бауыржан Момышұлы, сондықтан да ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейік!